Көкшетау техникалық институтының 19-шы түлектеріне диплом тапсырылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс орталығындағы «Тәуелсіздік» алаңында Көкшетау техникалық институтының 19-шы түлектеріне диплом тапсырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Салтанатты шараға ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор Владимир Беккер, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Жанболат Смайылов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері және курсанттардың туған-туыстары қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Владимир Беккер түлектердің алдағы қиын да жауапты қызметтеріне сәт-сапар тіледі. Бұл күні аталған институттың 121 түлегі диплом алды. Сонымен қатар, шара барысында институт атынан спортық және қоғамдық-мәдени іс-шараларға қатысқан курсанттар салтанатты түрде марапатталды.
Ендігі жерде институт түлектері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері мен құрылымдарында қызмет атқаратын болады. Тіпті, кейбіреулері Астана қаласында алда өтетін «ЭКСПО-2017» халыаралық көрмесі кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсыласады.