Көкшетау тұрғындары 1 мамыр мерекесін тойлап жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Көкшетауда 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерекелік шара Тәуелсіздік алаңында «Біз біргеміз - Мы вместе» тақырыптағы театрландырылған қойлыммен басталды. Қала тұрғындары мен қонақтарына вокалдық-хореграфиялық ұжымдардың «Ата мұра - асыл қазына», «Елім менің», «Ел жүрегі - Астана» атты қойылым ұсынылды.
Сонымен қатар алаңға жиналған жұрт жергілікті этномәдени бірлестіктер ұсынған əр халықтың ұлттық тағамдары мен сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесін тамашалады. Ал ең кішкентай ақмолалықтардың «Менің Қазақстаным» жəне «Астанаға 20 жыл» тақырыбында бедер тасқа салған суреттері мерекенің көркін одан сайын арта түсті.

Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы Мəлік Мырзалин барша ақмолалықтарды осынау мерекемен құттықтап, халық бірлігін ұрпақтан ұрпаққа дәріптей беруге шақырды.
«Биылғы жыл - біз үшін ерекше. Бізді жоғары биіктер мен жеңіске жетелейтін елордамыз - Астана қаласының 20 жылдығын атап өтудеміз. Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей қазір тұрақтылығы сақталып, бірлігі бекем болған елімізде барлық ұлт өкілдері өз мәдениетін дамытып, тілін өркендетіп, салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік алып отыр. Осының арқасында достықтың шырайы келіп, ынтымақтың жарасым тапқаны елдің өсіп-өркендеуіне негіз болып отыр», дей келе аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының ұлттық бірлігімізді нығайтуға қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
Айта кету керек, бүгінде Ақмола облысында 105 ұлт пен ұлыстың өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Өңір қаншама дәстүрлер мен діндердің алтын арқау бесігіне айналған жер.
Мерекелік шара жергілікті 15 этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен 50 көркемөнерпаздар ұжымдары жəне 800 студенттің орындауындағы концерттік бағдарлама мен түрлі спорттық шараларға ұласуда.
