Көкшетау тұрғыны орман ішінен граната тауып алды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау тұрғыны орман ішінен граната тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ІІД баспасөз қызметінің дерегінше, 9 тамыз күні Көкшетау қалалық ІІБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, Қарасай бағытындағы жолға жақын маңдағы орманның ішінен гранатаға ұқсас металл затты тауып алғанын айтқан. Оқиға орнына жедел тергеу тобы атанды. Ер адамның сөзінше, ол ара-тұра өзінің «Фишер Ф2» маркалы металл іздеу құрылғысымен металл заттарды іздеп тұратын көрінеді. Тамыздың 9-ы күні Көкшетау қаласының маңында шағын орман ішінде ол өзінің металл іздейтін арнайы қондырғысымен полиэтилен қапшыққа салынған гранатаға ұқсас затты тауып алған.
«Оқиға орнына жеткен Ақмола облысының ІІД жедел тергеу тобы мен жарылғыш заттарды залалсыздандыратын техниктер алдын ала болжам бойынша табылған заттың граната екенін анықтап отыр. Граната сынықтары сараптамаға жіберілді. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығарылады. Қазіргі кезде ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі бойынша сот алды тергеу амалдары жүргізілуде», - деп түсіндірді ведомстводан.