Көкшетау тұрғыны ұрлап әкеткен көлігімен аялдаманы және дүкенді соғып қиратты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 25 жастағы ер адам мас күйінде көлік ұрлап, полицияның ескертуіне құлақ аспай, автобус аялдамасын және дүкенді соғып қиратты. Полиция сотқа дейінгі өндірістік іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау тұрғыны ұрлап әкеткен көлігімен аялдаманы және дүкенді соғып қиратты
Видеодан алынған кадр: instagram.com/sinegor.kz

Ведомствоның мәліметінше, 3 тамыз сағат 21:35 шамасында Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне «Әскер-61» патрульдік полиция экипажы инспекторынан хабар түскен.

Ол Әшімов көшесі бойында Nissan Primera автокөлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлерінің ескертуіне тоқтамағаны және рульді басқара алмай автобус аялдамасы мен дүкенге соғылғанын жеткізген.

Анықталғандай, сол күні сағат 18:00 шамасында 25 жастағы ер адам Көкшетау қаласындағы жергілікті үйлердің бірінің ауласында тұрған Nissan Primera-ны ұрлап әкеткен, кейін жол апатына ұшыраған.

Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері ер адамның мойын омыртқасы мен кеуде қуысына соққы алғанын анықтады.

Ер адам Көкшетау қалалық ПБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

«Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Бұдан бөлек, күдіктіге Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 613-бабы, 599-бабы және 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желіде тұрғындарға балағат сөз айтқан Щучье әкіміне қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатқанын хабарлаған едік.