Көкшетауда 12 жастағы жасөспірімді зорлаған педофил ұсталды
КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Көкшетауда 12 жастағы жасөспірімді зорлаған педофил ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полицейлердің дерегі бойынша күдікті Бурабай ауданының 24 жастағы тұрғыны.
Ол Көкшетауға жұмыс іздеп келген көрінеді. Қылмыс жасаған күні Көкшетаудың іргесіндегі Красный яр кентіне бара жатқанында тұрғындар арасында «Бармашино» аталып кеткен шағынаудандағы аялдамалардың бірінде кəмелеттік жасқа толмаған қызға кезігеді.
Кешкілік уақытта арам ойын іске асыру ниетімен жасөспірімді əмиянын жоғалтқан болып алдап, көзден таса ескі зират маңына алып барады.
Сол жерде жасөспірімді ұрып-соғып, күштеп зорлайды.
Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, сұмдық оқиға ағымдағы жылдың 4 тамызында орын алды. Облыс орталығындағы "Бармашино" шағынауданы аумағында кешкі сағат 21:00-дер шамасында 12 жастағы жасөспірімді зорлаған күдіктіге ішкі істер органдарының қызметкерлері іздеу жариялаған болатын. Тіпті күдіктінің фотороботы да жарияланды. Нəтижесінде педофил жарты айдан астам уақыттан кейін Көкшетаудағы теміржол вокзалы маңында ұсталды. Қазіргі кезде күдікті қылмысын мойындап, үстінен ҚР ҚК 120 бабының 4 бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды.