Көкшетауда 15 көлікті тонаған күдіктілер ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ұзақ уақыт көлік тонауды кәсіп еткендер ұсталды. Қазіргі кезде күдіктілердің 15 қылмысқа қатысы бары дәлелденіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетауда 15 көлікті тонаған күдіктілер ұсталды

Полицейлердің дерегі бойынша 20 қыркүйекте күні түнде жол қозғалысын бақылап жүрген жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Көкшетау қаласының Ж.Тәшенов және О.Қуанышев көшелерінің қиылысында «BMW 912» көлігін тоқтатқан. Сол кезде көлік ішінде 22 жас шамасындағы жүргізуші мен жолаушы болды. Олардың құжаттарын тексеру кезінде көліктің жүк салғышынан жеңіл көліктің аккмулятор батареясы табылды. Көкшетау қалалық ІІБ жеткізілген жас жігіттер автокөлік бөлшектерін қайдан алғанын түсіндіріп айта алмады. Кейін белгілі болғандай күдіктілер 2 ай бойы облыс орталығы аумағында көліктерді тонаумен айналысып келген.

«Күдіктілер қолдан жасалған арнайы құралмен көліктің есігін ашып, жүргізушінің жеке заттары, аккмуляторы, айна, жарық шамдары, қосалқы дөңгелек сияқты бөлшектерін ұрлап келген. Бұған қоса, жүргізушінің әмияны, шағын сөмкелерін  (барсетке) қолды қылып отырған», деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі кезде күдіктіледің Көкшетау қаласы аумағында автокөлік тонау бойынша 15 қылмысқа қатысы бар дәлелденді. ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.