Көкшетауда 150 ескі тұрғын үй реновациядан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Ақмола облысында 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді,  осылайша 5 мыңнан астам отбасы баспаналы боды.

Көкшетауда 150 ескі тұрғын үй реновациядан өтеді
Фото: pexels.com

- Бюджет есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы 16 тұрғын үй беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары дайын пәтерлерді сатып алу арқылы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл механизм көпбалалы отбасылар, жетім балалар және басқа да азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін жедел шешуге мүмкіндік беріп отыр, - деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы бойынша есеп беру барысында.

Өңір әкімі келтірген дерекке сүйенсек, биыл 736 пәтер сатып алынды, жылдың соңына дейін тағы 104 пәтер сатып алынады. Облыста соңғы 5 жылда 2 064 отбасы баспанамен қамтылған, биыл 2 276 отбасы үйлі болды.

- Көкшетау қаласында тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы басталды, қала бойынша 11 аймақты анықтадық. Атап айтқанда 150 ескі үйді кезең-кезеңмен реновацияға кірістік. Бұл шара жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, саябақтар мен балалар алаңдарын салуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар