Көкшетауда 19 сот орындаушысы жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетау қаласының прокуратурасы атқарушылық іс жүргізу саласында азаматтардың, мемлекеттің және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 32 борышкер ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 60 млн теңгеден астам алимент өндірілді.
Сонымен қатар, 20 кәсіпорын қызметкерінің еңбек құқықтары қорғалды. 20,2 млн теңге көлеміндегі жалақы бойынша берешек толық өтелді.
Сот орындаушыларының қызметінде мәжбүрлеп орындату шараларын уақтылы қабылдамауға байланысты заң бұзушылықтар анықталды. Жол берілген заң бұзушылықтар үшін 19 сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
-Прокуратура қабылдаған шаралар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және сот актілерінің орындалу тиімділігін арттыруға ықпал етті,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматыда жеке сот орындаушысы заң бұзғаны үшін лицензиясынан айырылғаны туралы жаздық.