Көкшетауда адам құқығын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері талқыланды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламалар кеңсесі және Ақмола облысы әкімдігі бірлесіп, жергілікті мемлекеттік қызметшілер, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері үшін өткізген шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Барлық мемлекеттік органдарда және орталық, сондай-ақ, жергілікті деңгейдегі қоғамдық институттарында құқық қорғаудың құрамдас бөлігі бар. Азаматтардың құқығы және бостандығын қорғау, олардың мәселесін шешумен әр деңгейдегі әкімдіктер, саяси партиялар және қоғамдық бірлестіктер айналысады», - деді Айна Мысырәлімова.
Сонымен қатар, семинарда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, сондай-ақ, ҚР Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің адам құқықтары жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Гүлмира Қуанжанова адам құқықтарын қорғау мен көтермелеу саласындағы өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.
Шарада Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық жүйесі жан-жақты пысықталды. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелердің сот және құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы қаралды.
Комиссия мүшелері мен сарапшылары Тастемір Әбішев, Светлана Жаркенова, Ольга Волкова нақты мысалдармен тыңдаушыларға адам құқықтары мен бостандықтары туралы ғана емес, сонымен бірге, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы да айтып берді.
Сондай-ақ, Елбасының бес институционалдық реформасы мен бес әлеуметтік бастамалары, халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауы, оларды іске асыру тетіктері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғыртудың ережелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Осындай көшпелі семинарлар Зеренді және Сандықтау аудандарында да өткізу жоспарланған.