Көкшетауда алаяқтық жасаған заңгер істі болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда жәбірленушінің заң білмейтінін пайдаланған заңгер алаяқтық жолмен 124 000 теңге ақшасын иемденіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетауда алаяқтық жасаған заңгер істі болды

Полицейлердің дерегі бойынша, ағымдағы жылдың қазан айында Көкшетау қаласының тұрғынына қатысты жергілікті 2 әйелден арыз түсті. Арызданушылардың айтуынша, күдікті алаяқтық жолмен олардың 124 000 теңге ақшасын иемденіп алған.

 «Ер адам өзін қорғаушы ретінде таныстырып, сотта әлгі әйелдердің мүддесін қорғаймын деп уәде берген. Келісімшарт жасап, заңгерлік көмек үшін әйелдер оған 124  мың теңге көлемінде ақша төледі. Кейін белгілі болғандай, ер адам қорғаушы емес, заңгер болып шықты. Оның  қорғаушылық қызметпен айналысуға құқығы жоқ екен», - деп түсіндірді ведомстводан.

Осылайша, зардап шегушілер ақшаны қайтару туралы талабына құлақ аспаған күдіктінің үстінен полицияға арыз түсірген.

«Қазіргі кезде күдіктінің үстінен ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп толықтырды ведомстводан.