Көкшетауда алғашқы Адалдық клубы ашылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шеңберінде қолға алынған шараға Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова, сондай-ақ мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.
«ҚР Конституциясының 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде департаменттің бастамасымен Көкшетау қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп Адалдық клубы құрылды. Ондағы басты мақсат қоғамның, әсіресе өскелең ұрпақтың бойында адалдық, парасаттылық, әділдік, патриотизм сияқты құндылықтарды қалыптастыру», - дейді Арман Бердалин.
Сондай-ақ, Департамент басшылығы аталған клубтың базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша өңірлік Ақпараттық-ағартушы штабтың түсіндіру кездесулері мен сөз сөйлеулерін өткізетінін атап өтті.
Шара барысында адамгершілік қасиеттер мен рухани – өнегелік құндылықтарды тәрбиелеуге бағытталған «Арым менің-Ата заң» бейнематериалы көрсетіліп, «Рухани асқақ Ата заң» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде мемлекет және құқық тарихы, демократиялы Қазақстанның қалыптасуы туралы әдебиеттер, ҚР Конституциясы мен заңдарының жинақтары, ғылыми конференция материалдары ұсынылды.