Көкшетауда алғашқы ІТ мектеп-лицей есігін айқара ашты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- 1 қыркүйек - Білім күні Көкшетау қаласында ІТ мектеп-лицей ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сарыарқа шағынауданында ашылған білім ордасы жоба бойынша 900 оқушыға шақталған. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл - өңірде ашылып отырған тұңғыш ІТ мектеп-лицей.
Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына аймақ басшысы Мəлік Мырзалин қатысып, оқушылар мен ұстаздарды осынау қуаныштарымен құттықтады.
«Мектеп кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталып, барлығына дерлік интерактивті тақта орнатылған. Бұл алғашқы ІТ мектеп-лицей болғандықтан, осында білім алғысы келетін оқушылардың да саны артатыны сөзсіз. Бүгін білім күні аталмыш білім ордасына 870 оқушы қабылданды», -дейді қалалық білім бөліміндегілер.
Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша бүгін 565 мектеп 120 мыңнан астам оқушыны қабылдайды. 14 мыңнан астам бүлдіршін 1 сыныпқа барады. Қазіргі уақытта өңірде 603 мектепке дейінгі мекеме бар болса, онда 37 мың бала тəрбие алып жатыр. Биыл 140 бала бақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тəрбие беруде мұғалімдердің білімді де білікті болуымен бірге, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен озық оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз етілуіне зор маңыз беріліп отыр.
Биыл облыста төрт жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Олар - Целиноград ауданындағы Қаражар ауылында, Біржан сал ауданындағы Невский жəне Сандықтау ауданының Балкашин селоларындағы мектептер мен Көкшетау қаласындағы қазақ ІТ мектеп-лицейі.
2018-2019 оқу жылында білім берудің жаңартылған мазмұнына 3,6 жəне 8 сыныптар көшеді, толық көшу 2021 жылы аяқталады.