Көкшетауда ардагерлер ұйымдары шығармашылық ұжымдарының гала-концерті өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ардагерлер ұйымдары шығармашылық ұжымдарының облыстық байқау-фестивалінің қорытынды гала-концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шараға аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Бұл күндері барлық еліміз бойынша қарттарды қолдау айлығы кең көлемде өткізіліп жатыр. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығының арқасында аға буынға лайықты құрмет, ілтипат көрсетілуде. Біздің ардагерлеріміз күні кеше ғана өздерінің еңбексүйгіштігі арқасында қоғам байлығын еселесе, бүгінгі күні еліміздің бірлігіне, тұтастығына ықпал етіп отырған ардақты жандар,-деді облыс әкімі өз сөзінде.
Концерттік бағдарлама шымылдығы Егіндікөл ауданының «Әжелер», Еңбекшілдер ауданының «Ақ жаулық» вокалды ансамбльдері мен «Көкшетау» халықтық би ансамблінің орта тобының орындауындағы құйқылжыған халық әндерімен ашылды. «Туған жер» әнін орындаған Степногор қаласынан келген белгілі әнші Насиполла Назарұлының, Р.Гамзатовтың «Журавли» әнін орындаған Аршалы ауданының әншісі Гросс Лукьянның айрықша әуезді үндері көпшілікті тәнті етті. Қорғалжын ауданынан келген «Ретро» вокалды-аспаптар ансамблі халық әні «Құдашаны» орындаған сәтте самайларын ақ қырау шалған ардагерлер шалқыған ән лебімен бірге тербеліп, жастық шақтарын еске алысты. Концерт барысында Есіл ауданының Свободное елді мекенінің ардагерлер клубы хоры, Ақкөл ауданынан келген «Ақкөл сазы» фольклорлық ансамблі, Көкшетау қалалық «Достар» мәдениет сарайы жанындағы «Сударушки» халықтық-фольклорлық вокалды ансамблі тамаша өнер көрсетті.
Еске сала кетейік, осы күні Ақмола облысында 111,5 мың егде адамдар бар болса, оның 95-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 6 мыңға жуығы тыл еңбеккерлері.
Барлық қариялар бұл күнде арнайы әлеуметтік көмекпен қамтылған. 26 әлеуметтік көмек бөлімшелері ардагерлердің үйлерінде көмек көрсетеді.
Жыл басынан бері коммуналдық қызмет үшін 11 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Бүгінгі күні қалалар мен аудандардың бюджеті есебінен 5750 адамға 26,8 миллион теңге көлемінде бір мезгілдік материалдық көмек берілді. Жалпы, облыс бойынша әлеуметтік көмекпен 61 566 адам қамтылып отыр.