Көкшетауда ашылған медицина факультетінде алғашқы дәріс басталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ашылған медицина факультетінде алғашқы дәріс басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өңірде медициналық факультеттің ашылуына байланысты жұмыс кеңесі өтті. Бұл еліміздің солтүстік облыстарындағы тұңғыш медициналық факультет болып отыр. Оны ашудағы басты мақсат - осы күні өңірде қалыптасқан медицина саласындағы мамандық иелерінің тапшылығын шешу. Биылғы оқу жылы медициналық мамандықтар бойынша 172 студент қабылданған. Оның ішінде 50 студент облыс әкімінің гранты, 18 студент ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранты және 100-ден астам студент келісімшарт бойынша оқиды. Медициналық факультет үшін арнайы аудиториялар да бөлінді. Морфология, физиология және патология кафедралары жиһаз және компьютерлермен жабдықталды. Оған қоса, қосымша ғимарат та берілді.
Қазіргі кезде ғимарат техникалық бақылаудан өткізіліп, қайта жоспарлау бойынша шешім қалалық сәулет бөліміне жолданды. Анатомия және адам физиологиясы, сондай-ақ, синдромды диагностикалау және ішкі аурулар клиникасы бойынша медициналық кабинетте оқыту үшін 2 цифрлық бағдарлама сатып алынды. Ол үшін IT- аппаратурасы бар кабинет бөлінді. 17 миллион теңгеге «Виртуальды клиникалық академия» мультимедиялық сыныбы бар бағдарламаны мемлекеттік сатып алу бойынша байқау жүргізілуде. Оған қоса, 12 миллион теңгеге оқулықтар сатып алу үшін байқау өтті.
Ең басты жаңалық, ол университеттің Үндістан елінің 150 студентін оқыту туралы келісімшарт жасауы. Олардың алдыңғы легі осы айдың соңында келе бастайды. Олардың оқуы мен жатар орнының қаржысын Үндістан үкіметі төлейтін болады. Ал, интернатураның бірінші курсында барлығы 12 адам оқыса, оның алтауы грант бойынша. Осы орайда аймақ басшысы Мәлік Мырзалин тиісті басқармаларға интерндердің қалған жартысына облыс әкімінің гранты бөлу туралы тапсырма берді.