Көкшетауда автобус пен автомобиль соқтығысты, зардап шеккендер бар
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда автобус пен автомобиль соқтығысып, алты адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 5 шілде күні 14:00-де Көкшетаудағы Н. Назарбаев даңғылы мен Әуелбеков көшесінің қиылысында жол апаты болған.
«№1 бағдарындағы «ПАЗ» маркалы автобус Әуелбеков көшесімен келе жатып, Н.Назарбаев көшесіне бұрыларда, Әуелбеков көшесімен келе жатқан Toyota Camry автомобиліне жол бермеген. Соның салдарынан екеуі соқтығысқан», - делінген хабарламада.
Оқыс оқиға салдарынан автобустың ішіндегі үш жолаушы, автомобильдің тағы үш жолаушысы - жалпы алты адам зардап шегіп, Ақмола облыстық ауруханасына жеткізілген.
«Қазір осы жол оқиғасы бойынша тексеріс жүріп жатыр, сот-медициналық сараптамалар белгіленген», - дейді полицейлер.
Автор: Оксана Матасова