Көкшетауда бала күтуші 170 мың теңгенің зергерлік бұйымдарын қолды қылған
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда құны 170 мың теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды ұрлаған бала күтуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алтын бұйымдардың ұрланғаны туралы маусымның 27-і күні Көкшетау қалалық ПБ кезекшілік бөліміне шағым түсті. Арызданушы өзінің үйінде бала күтуші болып істеген облыс орталығының 28 жастағы тұрғынын жауапкершілікке тартуды сұрады.
Анықталғандай, ұрлық 20 мамыр мен 10 маусым аралығында, яғни бойжеткен зардап шегушінің үйінде бала күтуші болып жұмыс істеп жүрген кезінде жасалған. Алайда, құны 170 мың теңгеден асатын алтын бұйымдар ұрланғаны туралы арызданушы жақында ғана білген. Сонымен қатар, ұрлықты үйдегі жағдайды жақсы білетін адамның жасағаны да анықталды», дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Сол күні бала күтуші қыздың мекенжайын анықтап, түсініктеме алды.
«Ұрлыққа байланысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті жасаған қылмысын мойындады. Ол ұрлаған заттарын ломбардқа өткізіп үлгерген екен. Тергеу амалдары одан әрі жалғасуда», - деп толықтырды ведомстводан.