Көкшетауда бір жасқа дейінгі 150 бала КВИ жұқтырған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда шілде айында коронавирус жұқтырғандардың 76%-ы – 60 жасқа дейінгі адамдар. 14%-ы – 17 жасқа толмаған балалар. Одан бөлек, бір жасқа дейінгі 150 бала COVID-19 жұқтырған. Бұл туралы Көкшетау қаласындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы өткен брифингіде облыстық орталықтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда бір жасқа дейінгі 150 бала КВИ жұқтырған

Спикердің айтуынша, әлемде COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуал нашар. Ал елімізде бір тәулікте 7 519 адам коронавирус жұқтырған. Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша республика өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалап отыратын матрицаға сәйкес, 2021 жылдың 2 шілдесінен бастап Ақмола облысы «қызыл» аймақта.

Көкшетау қаласында пандемияның басталғаннан бері COVID-19-дың 9 720 зертханалық зерттелген түрі анықталған. Шілде айында 1 527 жұқтыру жағдайы тіркелген. Маусым айында бұл көрсеткіш 4,5 есе аз болған – 341 жағдай.

«Соңғы тәулікте 65 вирус жұқтыру жағдайы анықталған, олардың 95%-ы – симптоммен, 5%-ы – симптомсыз. Жеті адам қайтыс болды. Бүгінгі күні облыс орталығындағы төсек-орын қоры 115%-ға толған. 598 адам ауруханаға түсіп, 65 науқас жансақтау бөлімінде ем алуда, үш науқас оттегіне тәуелділік жағдайында жатыр», - деді Қ. Ысқақов.

«Коронавирус жастар арасында да жұқпалы бола бастады. Бұрын жұқтыратындардың басым бөлігі 60 жасқа дейінгі адамдар болса, қазір жастардың арасында жұқтыру жағдайы көбейген. Шілде айында коронавирус жұқтырғандардың 76%-ы – 60 жасқа дейінгі адамдар. 14%-ы – 17 жасқа толмаған балалар. Бір жасқа дейінгі 150 бала COVID-19 жұқтырған», - деп қосты Қ. Ысқақов.