Көкшетауда бойжеткенді зорлаған күдікті ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда Ұлттық ұлан сарбаздары бойжеткенді зорлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ағымдағы жылдың 3 тамызында сағат 22:00 шамасында жедел басқару орталығына Назарбаев даңғылында белгісіз ер адамның бойжеткенді зорлағаны туралы ақпарат түскен.
«Оқиға орнына әскери жасақтың лейтенанты Жандос Әлжанов, патрульдеу жүргізетін қатардағы сарбаздар Руслан Оразхан, Нұржан Тасболат, Минетай Кабез жетіп, алдын ала берілген бағыттама бойынша күдіктіні іздестіру шараларын қолға алады.
Жедел іздестіру шарасы кезінде әскери жасақ пен полиция қызметкерлері күдіктіні көпке ұзатпай ұстады. Ол Көкшетау қаласының 1979 жылғы тұрғыны болып шықты. Күдікті қылмысын мойындағаны туралы түсініктеме берді. Қырағылық пен жеделдіктің арқасында күдікті ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі кезде осы оқиға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ПД-дан.