Көкшетауда бірден үш мектепке «бомба қойғандар» іздестірілуде

Көкшетауда бірден үш мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарланды. Үш жағдайда да ақпарат расталмады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

жарылғыш зат
Фото:freepik.com

Ведомствоның мәліметінше, бұл жолы жарылғыш зат қойылғаны туралы қазанның 18-де хабарланған. Онда №2, №5 және №6 мектеп-лицейлеріне «бомба қойылғаны» айтылған.

- Айтылған білім беру мекемелерін жарылыс техник мамандары мен кинологтар тексеріп шығып, жарылғыш затты таппады. Қазіргі уақытта тиісті жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізілуде, соның қорытындысы бойынша процессаулдық шешім қабылданады, - деп түсіндірді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарына телефон терроризмі үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда мектеп-лицейіне жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабардан 1279 оқушы мен 79 мұғалім эвакуацияланғанын жазған едік.