Көкшетауда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» атты көрме өтіп жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұржайында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени мемлекеттік қорық-мұражайының археологиялық жылжымалы көрмесі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көрменің ашылуына Ақмола облысы мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әлеуметтік және тәрбие жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени мемлекеттік қорық-мұражайы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Қуаныш Дәуренбеков және жастар қатысты.
Жамбыл облысының аумағында 3 365 тарихи және мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 260-қа жуығы Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұржайында өтіп жатқан көрмеге қойылған.
Айта кетейік, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени мемлекеттік қорық-мұражайы ашылған кезде 100-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш тіркелсе, оның 30-ы республикалық деңгейдегі, орта ғасырлардағы 5 қала ЮНЕСКО дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне алынған. Көрмеге қойылған жәдігерлердің арасында Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, Қарлұқ қағанаты дәуірінен жеткен әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар, Қарахан дәуірі мәдениетінен сыр шертетін әйелдің алтын-күміс әшекей бұйымдары, қоладан құйылған шырағдандар бар.
«Көкшетау аталмыш көрме өтіп жатқан төртінші қала. Осыған дейін көрме Астана, Қостанай және Петропавл қалаларында болды. Көкшетаулықтар 2000 жылдық тарихы бар көне Тараз қаласынан жеткен орта ғасыр жәдігерлерін бір ай бойы тамашалай алады», - дейді Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұржайының қызметкерлері.
