Көкшетауда инсульттің алдын алатын күрделі операция тегін жасалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инсультпен ауыратын ақмолалық науқастар енді облыстық ауруханада тегін операция жасата алады, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Бұл операцияның құны 4 млн теңгеден асатын. Инсульттің алдын алуға мүмкіндік беретін мұндай күрделі ем-дом шаралары бұрын тек Астана мен Алматы қалаларында ғана жүргізілетін. Ал аймақ дәрігерлері елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы өкілдерімен тәжірибе алмасу арқылы осындай жетістікке қол жеткізіп отыр.
Мамандардың айтуынша, бұдан былай нейрохирургтар эндоваскулярлық әдіспен адамның бассүйегін бұрынғыдай ашпайды. Әрі тері де зақымдалмайды. Өйткені операция пышақсыз жасалады.
«- Ми қантамырларына операция жасау үшін бізге енді бір кішкене тесік қана жеткілікті. Сол арқылы арнайы құралдарымызды енгізіп, баста пайда болған артериалды аневризмді жабамыз. Операциядан кейінгі бейімделу кезеңі де тез өтеді. Бұл - дамыған елдердің тәжірибесі», дейді облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшеснің меңгерушісі Ерлан Аяғанов.