Көкшетауда қаланың 194 жылдығы кең көлемде тойланды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Көкшетау қаласының 194 жылдығын тойлау айшықты шаралармен ерекшеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда қаланың 194 жылдығы кең көлемде тойланды

Мерекелік шара Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалиннің Көкшетау қаласындағы бірқатар əлеуметтік нысандарды аралаудан басталды.

Аймақ басшысы алдымен М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасында болып, коворкинг орталығының жұмысына назар аударды. Орталықта келушiлердiң кiтап оқып қана қоймай, демалыстарын жайлы өткiзуiне қолайлы жағдай жасалған.

Сондай-ақ мұнда Wi-Fi орнатылып, қажеттi техникамен жабдықталған. Ммұнда «Мобильдi кiтапхана» интерактивтi оқу залы жұмыс iстейдi. Ал «Рухани қазына» жобасы аясында 94 әлеуметтiк-мәдени және инфрақұрылымдық кiшi жоба қолға алынған. Одан бөлек, ауылдық кiтапханаларды жаңғыртуға бағытталған «Ауылдық кiтапхана - бiлiм мен парасат ордасы» жобасы мен «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы жұмыс iстейдi. Бүгiнде бұл кiтапхананың кiтап қорында 361 036 кiтап бар. Оның iшiнде 122 215 кiтап цифрландырылған.

Сонымен қатар, М.Мырзалин балалардың технопаркінде болып, қатысушылардың ІТ технологиялары және бағдарламалау бойынша жетістіктерімен танысты.

Ал, «Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылған «Көкшетау арқаның кербез сұлу тірегі» атты салтанатты шарада шаһар тұрғындары мен қонақтарын қала күнімен құттықтады.

«Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Көкшетаудың 194 жылдығының мәні мен маңызы зор. Көкшетау - ерекше әсем табиғаты, бай тарихы, рухани мәдениетімен шуақ шашатын шежірелі қала. Қаланы алдағы уақытта жүзеге асырылатын үлкен жобалар күтіп тұр. Оның ішінде келер жылы Рухани жаңғыру сарайының құрылысы басталады. Ал, Ұлттық домбыра күні домбырға арналған ескерткіш орнатылады....Сондықтан да бәріңізді қала күнімен құттықтай отырып, оның одан әрі әдемі болуына атсалысуға шақырамын», деді облыс әкімі М.Мырзалин.

Шара аясында аймақ басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бір топ көшетаулықтарды түрлі наградалар және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Қала күнінен арналған шара танымал әнші Авраам Руссо мен отандық эстрада жұлдыздары Луина, «Ninety one» тобы және жергілікті әншілердің орындауындағы кешкілік концертке ұласты.