Көкшетауда карантин талабын жиі бұзған кафе-бар 3 айға жабылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында карантиннің тұрақты бұзылуына байланысты «Руки из плечи» ЖШС-нің JJT барының жұмысы 3 айға тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, мекеменің жұмысына тиым салынуы карантиндік шаралардың бірнеше рет бұзылуына байланысты болып отыр.
Қызметті тоқтату туралы шешімді Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қабылдады.
«Облыс бойынша барлығы 11 ойын-сауық мекемесі карантин режимін қасақана бұзушылар болып табылады, оның ішінде ЖШС-нің JJT бар. Бұл нысан бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды, екі рет 670910 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Бұл шараны да кәсіпкер елемеді. Ұйғарымдардың орындалмауына байланысты осы объектіге қатысты материалдар әкімшілік сотқа берілді. Нәтижесінде сот материалды қарап, қызметін үш айға тоқтата отырып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды», - деді Ақмола облысының санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Ведомстводан атап өткендей, шектеу және карантин шараларын бірнеше рет бұзуға жол берген 10 әкімшілік іс бойынша материалдар Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты осы материалдар қарауда жатыр.
Айта кетейік, шектеу шаралары мен санитарлық ережелерді жүйелі (екі-үш рет) және қасақана бұзу оқиғасы анықталған жағдайда материалдар мамандандырылған әкімшілік сотқа беріледі.
Заң бойынша тәртіп бұзушылардың жауапкершілігі ұйымның қызметін тоқтата тұруға дейін қарастырылған.