Көкшетауда қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесі талқыланды

«Достар» мәдениет сарайында ұйымдастырылған шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, белгілі саясаткер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім, аталған орталықтың терминология және ономастика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тіл жанашыры Жапсарбай Қуанышев қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, латын қарпіне көшу мәселелері төңірегінде өз ойларымен бөлісті. Семинарда мемлекеттік тілді қоғамның талабына сай қолдану аясын кеңейтіп, мәдени қазынамызға айналуына тырысуымыз қажеттігі кеңінен айтылды.
Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, жастар қауымы да жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты қалыптастыру үшін балаларға алдымен өз ана тілімізді үйретіп, балабақшада, мектепте үш тілде білім беруге мараторий жариялау қажеттігі туралы өз ойларымен бөлісіп, семинар соңы сұрақ-жауап форматына ұласты.
Айта кетейік, Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшім, сондай-ақ, Қазақстан Республиксы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері, қоғам белсенділері бастаған жұмыс тобы бүгін және ертең облысымыздың Ерейментау, Қорғалжын аудандарында да осындай семинарлар өткізіп, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолданылуы, қазақ тілін латын қарпіне көшіру және ономастика мәселелеріне қатысты насихат жұмыстарын жүргізетін болады.