Көкшетауда «Көкше өнімдері» жобасы бастау алмақ

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап, «Көкше өнімдері» жобасы бастау алады.

Көкшетауда «Көкше өнімдері» жобасы бастау алмақ

Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің қатысуымен өткен халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ ұсынған жобаны талқылауға арналған мәжілісте  айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы жұртшылық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы аймағымызда республикалық орташа деңгейден жоғары болып отырғандығын айта келе,  сауда нүктелерінде өзімізде шығарылатын жергілікті азық-түлік өнімдерінің үлес салмағын көтеру қажеттігін атап өтті.

Осы орайда, облыс орталығында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында «Көкшетау өнімдері» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Есіл» ӘКК ҰҚ» АҚ басқармасының төрағасы Қазыбек Ескендіров айтып берді. Оның сөзінше, бүгінгі күнге дейін облыс орталығының 12 ірі сауда орындары жаңа жобаға қатысуға келісім берсе, жуық арада олардың қатары 20-ға жететін болады. «Көкшетау өнімдері» жобасына қатысушылардың тауары сауда орындарына үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан бастап түсетін болады.

«Жобаны жүзеге асыру үшін корпорация бір тиын ақша шығармайды, бюджет қаржысы да жұмсалмайды. Тек тауар өндірушілермен және сауда орындарының басшыларымен келіссөздер жүргізу арқылы өзара тиімді әрекетке қол жеткізіледі. Корпорация «Көкшетау өнімдері» жобасына қатысушылардың тізімін жасап, бекітеді. Оған қатысушы тауар өндірушілері азық-түлік өнімдерін бөлшек саудадағы бағадан 5 пайыздан артық емес баға бойынша  сауда орындарына жеткізіп береді. Ал сауда орындарының басшылары өз кезегінде сол бағадан 5 пайыздан артық емес үстеме қосып сатуға міндеттенеді», - деді  Қазыбек Ескендіров.

Жобаға 13 өнімнің түрін шығаратын 100 астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысатын болады. Қазірдің өзінде оның 35 келісімшарт жасалынған.

Облыс басшысы оны әлі де пысықтап, бағаны тұрақтандыруға ықпал ететін бұл жобаны жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.