Көкшетауда қоқыс шығаруға жаңа тариф әзірленіп жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласының тұрғындары қоқыс толы бактарға және олардың жанында жатқан қоқыс үйінділеріне бұрыннан үйреніп қалған. «Көкше Тазалық» ЖШС кәсіпорында құрал-жабдықтардың істен шығуы жиі кездесетінін, бірақ ештеңе істей алмайтынын айтады. Өйткені тариф тым төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қоқыс таситын көліктеріміз істен шыққан, соның кесірінен қоқысты шығарып үлгермей жатырмыз. Қазір қоқыс таситын көліктер ақырындап жөнделіп жатыр. Өткен демалыс күндері қоқыс шығаратын жеті көліктің орнына бар-жоғы үш-төрт-ақ көлік жұмыс істеді. Сондықтан демалыс күндері қоқыс шамадан тыс толып кетті», - деп түсіндірді «Көкше тазалық» ЖШС абаттандыру бөлімінің басшысы Байнияз Жанияз.

Оның айтуынша, компания күн сайын жеті бағытты жабуы тиіс.

Өкінішке қарай, облыс орталығында қоқыс шығару тарифі өте аз. Бір адамға – 151 теңге ғана. Оның үстіне 2012 жылдан бері ол өзгермеген, ал жанар-жағармай мен автокөлік бөлшектері айтарлықтай өсті. «Көкше тазалық» ЖШС-ның жиі істен шығатын техникасын жаңартуға мүмкіндігі жоқ.

Байнияз Жанияз атап өткендей, халықтың қоқыс шығаруға 54 миллион теңге қарызы бар.

«Қазір тарифті көтеру мәселесі қарастырылуда. Әзірге ол бекітілген жоқ, бірақ күтудеміз. Мүмкін қыркүйекке дейін бекітіліп қалар», - деді ол.

Егер тариф көтерілсе, онда кәсіпорын облыс орталығындағы қоқыс шығару жағдайы жақсарады деп үміттенеді.

Бұған дейін Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса облыс орталығынан қоқыс шығаруға елордалық компания көмектесуге дайын екенін айтқан болатын, бірақ әлгі кәсіпорын мұндай арзан тарифпен жұмыс істемейтінін айтыпты.

«Бүгінде «Көкше тазалық» мекемесінің техниканы жаңартуға мүмкіндігі жоқ, ол үнемі жетіспейді. Бір көлік істен шықса, желі тазалаусыз қалады. Екінші көлік істен шықса, екінші желі қалады. Біз Нұр-Сұлтан қаласының компаниясымен сөйлестік, ол бізге келуге дайын, бірақ кәсіпорын біздікіндей тарифпен жұмыс істемейміз деп отыр. Олар біздің компаниялардың әлі жұмыс істеп жатқанына таңғалды. Қазір біз тарифті әзірлеу бойынша конкурс өткіздік. Алдын ала болжам бойынша 400-500 теңге шамасында. Сонда мұндай тарифпен олар бізге жаңа техникамен, заманауи бөлек контейнерлермен келуге дайын», – деді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса.


Соңғы жаңалықтар