Көкшетауда кондуктор автобусты айдап кетті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда кондуктор жолаушылар автобусын айдап әкеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда кондуктор автобусты айдап кетті

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 26 қарашасы күні Көкшетау қалалық ІІБ жол патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейд кезінде жолаушылар автобусын тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексермек болған. Осы кезде 29 жастағы жүргізушінің көліктің сыртына шыққан сәтін пайдаланған белгісіз ер адам автобусты айдап кеткен.

Алайда, 30 жастағы күдікті алысқа кетіп үлгермеді, полицейлер оны дереу ұстады. Ол осы автобуста кондуктор болып жұмыс істейтіні анықталды. Жолаушылар көлігін айдап кеткен кезде ол алкогольді мас күйінде болған.

«Қазіргі кезде аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.