Көкшетауда құрылысшылардың үстіне кірпіштер құлады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда құрылыс алаңында жұмысшылардың зардап шегуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мәлім болғандай, 3 қыркүйек күні Көкшетау қалалық Ішкі істер басқармасының кезекшілік бөліміне жедел жәрдем қызметінің фельшері хабарласқан. Оның сөзіне қарағанда, облыс орталығындағы құрылыс алаңдарының бірінде үстеріне кірпіш құлап кеткен 1966 және 1982 жылғы екі жұмысшы түрлі дене жарақаттарымен Ақмола облыстық ауруханасына түскен. Оның ішінде 35 жастағы ер адам жансақтау бөліміне жатқызылған.

Полицейлер анықтағандай, зардап шегушілер облыс орталығында тұрғын үй салып жатқан жеке фирмада тас қалаушы болып жұмыс істейді. 3 қыркүйек күні кірпіштер салынған конструкцияны көтеру кезінде кірпіштер шашылып, үстеріне құлаған.

«Олар қауіпсіздік техникасы ережесі бойынша күнделікті инструктаждан өтеді.  Бастарына каска киеді. Оған қоса, зардап шегушілерге кірпіш көтеру кезінде қауіпсіз аймаққа барып-тұруға қатысты ескерту жасалды. Алайда, олар оған құлақ аспады», - деп ақталды жұмыс беруші.

Жұмысшылар еңбек келісімшартын жасаспай, жалданып жұмыс істегені белгілі болды.

Фирманың техникалық директоры да құрылысшылардың қауіпсіздік техникасы ережесін сақтамағанын айтуда. 

Қазіргі кезде бірқатар сараптама тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.

Айта кетейік, ағымдағы жылы облыста еңбекті қорғау ережесін бұзу фактілеріне қатысты ҚР ҚК-нің 156-бабы бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар