Көкшетауда құтқарушылар 19 жастағы жігітті ажал аузынан алып қалды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда құтқарушылар суға батып бара жатқан 19 жастағы жігіттің өміріне араша түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, келеңсіз жағдай облыс орталығындағы Қопа көлінде болған. Осы күні кезекшілікте болған құтқару бөлімшесінің қызметкерлері жағадан 90 метр қашықтықта суға батып бара жатқан адамды байқап қалған. Құтқарушылар дереу көмекке ұмтылып, ер адамды жағаға алып шыққан. Кейін белгілі болғандай 1998 жылғы жігіт суға шомылу кезінде байқамай арнайы белгіленген аумақтан асып кеткен. Алғашында өз еркімен жағаға қайтуға тырысады. Алайда, әлі құрыған оның әрекетінен түк шықпай, суға бата бастайды. Осы кезде, көмекке жеткен құтқарушылар оны жаға алып шығады.
Осы күні Көкшетау қалалық құтқару бөлімшесінің медбикесі Дәмегүл Әлжанова суға шомылу кезінде түрлі жарақат алған екі қызға да медициналық көмек көрсетті.
Жалпы, шомылу маусымы басталғаннан бері 231 адам құтқарылған. Оның 52-сі - жасөспірімдер. Құтқарушылар мен медицина қызметкерлері 91 адамға түрлі медициналық көмек көрсетті.