Көкшетауда қысқы трек жарысы бойынша Қазақстан чемпионаты өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Көкшетауда «IceDrive» қысқы трек автомобиль жарысы бойынша Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда қысқы трек жарысы бойынша Қазақстан чемпионаты өтті

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, жарыс «Four seasons» іс-шаралар жоспары шеңберінде өткізіліп, автомотоспорт бойынша республикалық жарыс жоспарына енгізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың өңірге, оның ішінде облыс орталығына туристер ағынын тарту арқылы ішкі туризмді дамыту, сондай-ақ белсенді демалыс түрлерін насихаттау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілді.

«Жарысты қатысушыларға қала тұрғындары мен қонақтары қолдау білдірді. Бұл спорт түрі елімізде жақсы дамыған. Біздің қаламызда да жарысқа қызығатын жастар көп. Пандемия басталғаннан бері біздің қаламызда мұндай ауқымды іс-шаралар өткізілген жоқ. Ішкі туризмді дамытатындықтан, қызықты жобалар өткізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов.

Көрермендерге демеушілер тарапынан сыйлықтар үлестірілді, сондай-ақ, жергілікті дүкендерге, сұлулық салондары мен дәмханаларға сертификаттар ойнатылды.

Жарыстың он екінші кезеңінің қорытындысы бойынша көкшетаулық Игорь Капирулин үшінші орын алса, петропавлдық Евгений Комов екінші орынға тұрақтады. Ал Талдықорған қаласының өкілі Сергей Капирулин жарыс жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздар ақшалай сертификат және сыйлықтармен марапатталды.