Көкшетауда ломбард тонамақшы болғандар ұсталып қалды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ломбард тонамақ болған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.
ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қарақшылық шабуыл ағымағы жылдың 20 қазанында Көкшетау қаласында болған.
«Полицейлердің сөзінше, медициналық маска киген белгісіз екі адам жергілікті ломбардтардың біріне баса көктеп кіріп, ақша жымқырмақ болған. Қолдарында тапаншаға ұқсас затпен қорқытпақ болған күдіктілерді көрген кассир дабыл қаққышты басып, алтын бұйымдарды сақтайтын бөлмеге жасырынып үлгерген.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру шарасын қолға алады. Нәтижесінде Көкшетау қаласының ІІБ Жергілікті полиция қызметі жол-көліктік батольонының қызметкерлері Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының тұрғындарын ұстады», деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі кезде, күдіктілерден заттай айғақтар алынып, уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды. Сондай-ақ, олардың үстінен ҚР ҚК 192 бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.