Көкшетауда Мағжан Жұмабаевтың Алаш руханиятындағы рөлі талқыланды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Алаш руханиятындағы Мағжанның орны мен қызметі» атты республикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, алыс-жақын өңірлердің ғалымдары, әдебиетшілер, тарихшылар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

«Алаш руханиятындағы Мағжанның орны мен қызметі» атты республикалық конференцияны Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев ашып, жүргізіп отырды.

Шара Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтау сөзімен басталды.


Конференцияда сөз алған ҚР Көркем Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы Марат Әбсеметов Мағжанның қазақ әдебиетіндегі рөлі және еңбегі туралы қаузады.

«Қазақ даласында ұлы адамдар көп. Бірақ солардың арасында қазақ халқының рухын көтерген Мағжанның орны бөлек. Ол тек қазақтың ғана емес, бүтін түркі әлемінің ақыны. Кешегі Абылай хан, Кенесары, Шоқан туған Көкше жерін Мағжан да жырлады. Мағжан шығармашылығы зерттеліп, оның өлеңдері АҚШ, Англия сияқты елдерде шығып жатыр. Бірақ бұл бізге аздық етеді, ол туралы Мәскеу, Санкт-Петербор архивтерінде де құжаттар бар. Соны кеңінен зерттеуіміз керек», - деді Марат Әбсеметов.


Сонымен бірге конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Дихан Қамзабекұлы, Қазақтану ғылыми зерттеу институтының директоры, «Қазақтану» ғылыми журналының бас редакторы Бақтыбай Жұмаділдин, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің PhD докторы Ерболат Баятұлы, Астана қаласындағы жастар театрының театр және кино актері, «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» атты тарихи телехикаяда ақынның рөлін сомдаған актер Мейірғат Амангелдиннің баяндамалары тыңдалды.


Айта кетсек, бұдан бұрын «Ақмола жұлдыздары» облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар