Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандардың «Жаңа тұлғалар» фестивалі өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында «Жаңа тұлғалар» 3-ші облыстық фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандардың «Жаңа тұлғалар» фестивалі өтті

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыру шеңберінде қолға алынған фестивальге көркем шығармашылық пен спорттың тоғызқұмалақ, үстел теннисі және суда жүзумен айналысатын 14 пен 35 жас аралығындағы, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.

«Бурабай» спорт сарайында фестивальдің ашылуы өтіп, онда облыстың Көкшетау, Степногор қалалары мен аудандарынан келген қатысушылар тоғызқұмалақ, үстел теннисі және суда жүзу сияқты спорттық сайыстардан сынға түсті.

Ал, «Достар» мәдениет сарайында шығармашылықтарын ортаға салып, жанды тебірентер әндерімен, тамаша билерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қазылар алқасы вокал, ыммен ән айту, хореография, көркем сөз, аспапты және декоративті-қолданбалы шығармашылық аталымдары бойынша және спорттық сайыстардан үздіктерді анықтады.

Шараға Ақмола облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.

Фестиваль облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген таланттар, Көкшетау қаласындағы медициналық – әлеуметтік мекемесі мен есту және сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған №4 мектеп интернаты шәкірттерінің шығармашылық кешіне ұласты.

«Шараны өткізудегі басты мақсат – шығармашыл жастардың бір-бірімен араласуына жағдай жасау, сондай-ақ олардың арасынан дарындыларды анықтау», – дейді «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы Динара Дүйсенова.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздіктер диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал, фестивальге қатысқан барлық өнерпаздарға арнайы сертификаттар табысталды.