Көкшетауда оқушы психотропты дәрілерді жасырумен айналысқан

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында дәрілік заттарды жасырып келген бес адам ұсталды. Олардан 770 таблетка «Трамадол», 15 флакон «Протекамин» және 30 флакон «Тропикамид» тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталған адамдардың арасында 22 жастағы әйел де бар.

Ол МПС көшесі мен вокзалы аумағында дәрілік препараттарды жасырып келген. Оның қалтасын тексеру барысында 180 таблетка «Трамадол» табылды.

Сонымен бірге, ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 30 жастағы көкшетаулықтан 280 дана «Трамадол» және 15 флакон «Протекамин» тәркіледі. Ер адам Әшімов көшесінің бойындағы үйінің ауласында ұсталды.

Ал, Сәдуақасов көшесінің бойында 27 жастағы ер адамнан полиэтилен орамаға салынған сұр-жасыл түсті зат алынып, сараптамаға жіберілді.

Ер адам пробациялық қызметтің бақылауында тұр. Бақылау браслеті оған есірткі заттарын жасырумен айналысуға кедергі болмаған.

Түнгі сағат 01:00 шамасында автовокзал маңында екі жас жігіт ұсталды.

Оның бірі - кәмелет жасына толмаған жасөспірім.

Оларды полиция учаскесіне жеткізіп, заттарын тексеру кезінде 22 жастағы ер адамның сөмкесінен «Трамадол» препаратының 1 блистері тәркіленді.

Ер адам полиция ұстаған кезде бірден күдік туғызған.

Сол күні түнгі сағат 03:07 шамасында облыс орталығының Уәлиханов көшесінің бойында 28 жастағы жергілікті тұрғын басқарған автокөлік тоқтатылды.

Ер адамның астанадан ірі көлемде «Трамадол» дәрілік препараттарын әкеле жатқандығы анықталды.

Көлік салонынан 30 пластин «Трамадол» және 30 флакон «Тропикамид» препараттары тәркіленді.

«Барлық жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 296 бабының 2 және 3 бөлігі бойынша «психотропты заттардың заңсыз айналымы» сотқа дейіндіг тергеу амалдары қолға алынды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді», - деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар