Көкшетауда адам өліміне әкелген жол апаты бойынша шешім шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Сот үкім шығару кезінде келтірілген зиянның өтелуін және барлық жәбірленушінің пікірін ескерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
24 жастағы айыпталушыға екі адамның денсаулығына абайсызда зиян келтіру және бір адамның өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзу айыбы тағылды. Сотта оқиғаның мән-жайы айтылды.
— 2025 жылдың наурыз айында Көкшетау қаласында қарбалас көшеде Mercedes маркалы автокөлікті тізгіндеген А. есімді азамат сағатына 60 километрден астам жылдамдықпен келе жатқан. Ол жылдамдықты төмендету немесе көлікті тоқтату шараларын қабылдамай, қарсы бағыттағы көлікті өткізбей, қиылыста бұрылып келе жатқан «ВАЗ» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан соққы әсерінен А.-ның көлігі тротуарға ұшып кетіп, ол жерде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол алған жарақаттарынан көз жұмды, — делінген сот хабарламасында.
«ВАЗ» автокөлігіндегі екі жолаушы орташа және ауыр дене жарақатын алған. Зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды, ал «ВАЗ» жүргізушісі жарақат алған.
Айыпталушы өз кінәсін мойындап, «жүрек өткізгіштігінің бұзылуы: субклиникалық гипотиреоз. Ұйқының обструктивті апноэ синдромы» диагнозы бойынша есепте тұрғаны туралы анықтама ұсынды. Ол жәбірленушілерге моральдық және материалдық зиянды өтегенін ескеріп, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Жәбірленушілер мен қайтыс болған әйелдің қызы да айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды өтінген.
Жаза тағайындау кезінде сот медиация келісімінің жасалғанын, яғни жәбірленушілермен және қайтыс болған адамның туыстарымен татуласуды, сондай-ақ барлық жәбірленушілерге жалпы сомасы 11,5 млн теңге көлемінде материалдық және моральдық зиянның ерікті түрде өтелгенін ескерді. Сондай-ақ судья барлық жәбірленушілердің сотталушыны бас бостандығынан айырмау және жеңіл жаза тағайындау туралы пікірін назарға алды.
— Сот үкімімен А. есімді азаматқа 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды, сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Белгіленген мерзім бойы пробациялық бақылау орнатылып, сотталғанға міндеттер жүктелді, — деп қорытындылады сотта.
Айта кетейік, сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын Көкшетауда көліктің әйелді қағып өлтірген видеосы тарағанын жазғанбыз.
Белгілі болғандай, ер адам көлікті жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына берген.
Енді екеуіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.