Көкшетауда өртенген көпқабатты тұрғын үйден 30-ға жуық адам құтқарылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 30-ға жуық адам (оның 12-сі бала) құтқарылып, 31 (оның 15-і бала) адам эвакуцияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, өрт бүгін облыс орталығындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдегі электр қалқанынан шыққан. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 23 қызметкер және 6 арнайы техника тартылды.
«20 минут ішінде өрт толығымен сөндірілді. Өрттен бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейінгі электр сымдары жанып кетті. Қалың түтіннен барлық тұрғындар пәтерінен өз бетінше сыртқа шыға алмады. Өрт сөндірушілер арнайы маска киіп адамдарды кіреберістегі саты арқылы далаға алып шықты» - дейді Ақмола облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметіның бастығы Нұрлан Тасов.
Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауды ескертеді.
