Көкшетауда өтетін жәрмеңкеде 70 астам ауыл шаруашылығы өнімі сатылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көкшетауда өтетін жәрмеңкеде 70 астам ауыл шаруашылығы өнімі 15-20 пайыз арзан бағамен сатылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
24 қыркүйекте Көкшетау қаласындағы «Тәуелсiздiк» алаңында Бурабай, Зерендi, Сандықтау, Шортанды аудандарының және Көкшетау қаласы ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерiнiң жәрмеңкесi өтедi. Сондай-ақ, жәрмеңкеге облыстың iрi құс өндiрушi кәсiпорындары да қатысады деп күтiлуде.
Осы күнi облыстың ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерi ет және ет өнiмдерi, балық және балық өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдерi, жұмыртқа, ұн, картоп, көкөнiс, жармалық өнiмдер, күнбағыс майы сияқты жалпы жетпiстен астам өнiм түрлерiн әдеттегiден 15-20 пайыз арзан бағамен сатылымға шығаратын болады.
Бұл өнiмдердi сатуға арнайы 75 палатка тiгiлiп, оларда 170 сауда нүктелерi жұмыс iстейтiн болады.
Сондай-ақ, жәрмеңке кезiнде облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен дайындалған концерттiк бағдарлама өтедi.