12:08, 14 Қазан 2017 | GMT +5
Көкшетауда өтіп жатқан жəрмеңкеде зейнеткерлерге азық-түлік салынған 1 мың пакет тегін үлестірілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңы мен «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында Атбасар, Еңбекшілдер, Зеренді, Сандықтау аудандары және облыс орталығы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қатысуымен арзан азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель аралап көріп, азық-түлік бағасы мен сапасына назар аударды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бұл жолы жәрмеңкеге 55 түрлі азық-түлік әкелініпті. Олардың жалпы құны - 155,9 миллион теңге. Оның ішінде 63,7 тоннаға жуық ет пен шұжық, 20 тонна балық, 217,5 мың дана жұмыртқа, 30 тонна ұн мен макарон, 95 тонна картоп, 158 тонна көкөніс, 5 тонна қант, 18 мың литр күнбағыс майы, 21,6 тоннадан астам сүт, 14 тонна шөп және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілген.
Сонымен қатар, жəрмеңке барысында зейнеткерлерге сүт жəне нан салынған 1 мың пакет тегін үлестірілді.