Көкшетауда өткен аламан бәйгеде елордалық шабандоз 3 млн теңге иеленді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бәйге маусымы ашылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетауда өткен аламан бәйгеде елордалық шабандоз 3 млн теңге иеленді

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше,  Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр кентінде орналасқан "Құлагер" атшабарында өткен маусымның ашылуына Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарынан әкелінген 30 сәйгүлік қатыстырылды. Жарыс жеңімпаздары 1800 (3 жастағы тұлпарлар), 2000 (3 жастан жоғары), 5000 (құнан бәйге) және 16000 метр (аламан бәйге) қашықтықтар бойынша анықталды.

"Жарыс қорытындысы бойынша 1800 метр қашықтықта Краснояр ауылының шабандозы Румия Усманованың жүйрігі жеңіске жетсе,  5 000 метрден елордалық  Жұманазар Нұрдәулеттің, 2000 метрде сандықтаулық Азамат Құлтасовтың тұлпары  топ жарды. Ал, 16000 метр аламан бәйгеде Нұр-Сұлтан қаласынан келген Амангелді Райымбектің сәйгүлігі мәреге бірінші болып келіп, 3 миллион теңгенің бас жүлдесін жеңіп алды", - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Махаббат Большина.