Көкшетауда пәтер бағасы әзірге тұрақты-риэлтор

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда пәтер бағасы әзірге тұрақты. Бұл туралы «Гарант» жылжымайтын мүлік агентігінің риэлторы Гүлнәр Зиядденова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 Көкшетауда пәтер бағасы әзірге тұрақты-риэлтор

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін қалада пәтер бағасы күрт төмендеп, қазір біршама тұрақталған көрінеді.

«Астаналық облыс орталығы болғандықтан Көкшетауда пәтер бағасы еліміздің өзге облыстарымен салыстырғанда біршама жоғары болса, ірі мегаполистермен салыстырғанда арзанырақ. Шаһарда бір бөлмелі пәтердің бағасы 5 миллион теңгеден, екі бөлмелі пәтер 5,6 миллион және үш бөлмелі 7,5 миллион теңгеден жоғарлай бастайды. Оның өзі салынған мерзіміне байланысты», - дейді Гүлнәр Зиядденова.

Тұрғын үй нарығының маманы пәтер бағасының төмендеуіне тұрғын үйлердің көптеп салынуы да оң әсер етіп отырғанын атап өтуде.

«Елімізде соңғы кездері тұрғын үйлерді көптеп сала бастады. Оның ішінде Көкшетау қаласында да жаңа үйлердің саны жыл өткен сайын артуда. Бұл әрине, тұрғын үй бағасының түсуіне зор әсер етпесе де, біраз ықпалы тиді. Оған қоса, «Қолжетімді баспана-2020» және «Нұрлы жол» тәрізді мемлекеттік бағдарламар бар. Тұрғындардың көбі қолда бар ескі пәтерлерін сатып, жаңасын немесе тәуірлеуін сатып алуға тырысады. Сол себепті сатып алатыннан гөрі, сатамын деушілер басымырақ. Жалпы, құнына келетін болсақ, әзірге, Көкшетау қаласында пәтер бағасы жоғарыда айтқан шамада тұрақты сақталуда. Алдағы уақытта қалай болатыны белгісіз. Ол уақыттың еншісінде», - деді Г.Зиядденова.