Көкшетауда рұқсатсыз салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үй сүрілетін болды

АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетауда заң талаптарын бұза отырып салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үй сот шешімімен сүріледі.

Строящуюся без разрешительных документов девятиэтажку снесут в Кокшетау
Фото: 2ГИС

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының салынып жатқан нысанды бұзу туралы талабын қанағаттандырған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Сот мәліметінше, «MAG GROUP KZ» ЖШС Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында тұрғын үй құрылысын жүргізген.

Прокуратура тексеруі барысында нысанның қажетті рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқаны анықталған. Осыған байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына прокурорлық қадағалау актісі енгізілген.

– 2026 жылғы мамырда серіктестік сараптамадан өтпеген жобалау-сметалық құжаттама бойынша және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабарлама бермей құрылыс жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар басқарма серіктестікке нысанды бұзу туралы талап қойды. Бірінші сатыдағы сот құрылыс «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң талаптарын бұза отырып жүргізілгенін анықтап, талапты қанағаттандырды, – деп хабарлады соттан.

Анықталған заңбұзушылықтардың қатарында жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамадан өтпеуі, техникалық және авторлық қадағалаусыз құрылыс жүргізілуі, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы мемлекеттік органға хабарлама берілмеуі бар.

Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті.

Сот алқасы серіктестіктің әрекетінен адал емес мінез-құлық белгілерін де анықтаған.

– Серіктестік Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеру жүргізу туралы хабарламасын алудан жалтарған. Бұдан бөлек, басқарма сотқа талап арыз бергеннен кейін де құрылыс жұмыстарын жалғастырып, салынып жатқан нысандағы пәтерлерді сатып алу бойынша үлескерлермен алдын ала шарттар жасасқан, – деп толықтырды соттан.

Осы нысанға байланысты бұған дейін жергілікті атқарушы органдар Көкшетау тұрғындарына салынып жатқан үйден пәтер сатып алу кезінде қаражатынан айырылып қалу қаупі бар екенін ескерткен болатын.

Айта кетейік, Астанада 1,7 млн шаршы метрден астам тұрғын үй сүріледі.