Көкшетауда саяжай ұрысы ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда саяжай үйлерін тонаумен айналысқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің дерегі бойынша, күдікті құрылыс материалдары, электрлі құралдар, түсті металл тәрізді өзге де саяжай бұйымдарын қолды қылғаны анықталып отыр.
«Қазіргі кезде, күдіктінің біреудің мүлкін тонау әрекеті бойынша 8 қылмысқа қатысы бары дәлелденді. Күдіктінің сөзінше, жұмыссыз болғандықтан ұрлаған заттарды жеке басының пайдасы үшін қолданған және кейбірін сатпақ болған», деп түсіндірді ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, полицейлер саяжай иелеріне мүліктерінің қолды болып кетпеуі үшін айналасына тиянақты болып, аймақта болып жатқан жағдайды жіті назарда ұстап отыруға шақырды.