Көкшетауда сейфтен 22 млн теңгені жымқырған қылмыскер сотталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қарақшылық жолмен 22,9 миллион теңгені жымқырған адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көкшетауда сейфтен 22 млн теңгені жымқырған қылмыскер сотталды

Соттың үкімімен 24 жастағы Ш.-ға Қылмыстық кодекстің 192-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша аса ірі мөлшердегі бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында қарақшылық жасағаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге, сот жәбірленушінің (күзетшінің) пайдасына 500 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемін өндіріп алды.

«Сотпен анықталғандай, Ш. 2020 жылғы 23 қазанда түнгі сағат 03:00 шамасында Көкшетау қаласында «Алтын Раушан» ЖШС-нің аумағына бетперде тағып кірген, күзетшіні темір монтировкамен қорқытып, оның аяқ-қолын байлаған. Одан кейін терезені бұзып, қызметтік үй-жайға түскен, онда сейфті бұзып ашып, 22 9000 000 теңге ұрлаған», - деді ведомстводан.

Сот отырысы барысында Ш. өзін кінәлі екендігін ішінара мойындады және ұсынылған дәлелдемелерді даулаған жоқ. Ш-ның кінәлілігі оның өз айғақтарымен, жәбірленуші күзетшінің және басқа куәалардың айғақтарымен, бейнебақылау камералардың жазбалармен, 22 457 000 теңге сомасына тәркіленген жеке тінту хаттамасымен және істің басқа да материалдарымен расталады.

«Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Ш-ға қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылды», - деп толықтырды ведомстводан.