Көкшетауда соңғы бір аптаның ішінде 20 мың текше метрге жуық қар сыртқа шығарылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Соңғы бір аптаның ішінде толассыз жауған қар мен боранның салдарынан Көкшетауда 20 мың текше метрге жуық қар сыртқа шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қала əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Əкімдіктің мəліметі бойынша, соңғы аптадағы жиі болып тұрған боран мен қатты аяз коммуналдық қызметтердің жұмысына біраз қиындық туғызып отыр.
Айта кету керек, желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде Көкшетау қаласы бойынша жауған қардың қалыңдығы 9,8 мм болса (айлық норма 4 мм), екінші онкүндікте нормадан 4 есе астам, яғни 23,9 мм-ге жетті.
«Қазіргі кезде, облыс орталығының көшелерін тазартумен екі мекеме - «Көкшетау жол пайдалану учаскесі» ААҚ, «Көкше-Жәрдем» ШЖҚ МҚҚ айналысуда. Тек соңғы аптаның ішінде аталған мекемелермен қала сыртына 18 612 текше метр қар сыртқа шығарылды. Қаламызды толассыз жауған қардан тазалауға 57 жекеменшік техника, қосымша жалданған 11 бірлік техника, 150 шақты адам жұмылдырылуда», - деді əкімдік қызметкерлері.
Еске сала кетейік, «Қазгидромет» РМК филиалының мəліметі бойынша, Сібір антициклоны салдарынан келген аяз шамамен желтоқсанның 24-не дейін жалғасатын көрінеді. Дəл қазір Көкшетауда термометр бағанасы минус 33 градус аязды көрсетіп отыр. Осыған байланысты қала мектептерінде сабақ уақытша тоқтатылды.