Көкшетауда су тасқынынан мүлкіне зиян келген 65 адамнан өтініш түсті

су басқан ауыл
Фото: Ауыл тұрғындарынан

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Көкшетауда су тасқынынан қала тұрғындарының мүлкіне келтірілген шығынды есептеу комиссиясы жұмысын бастады. Соңғы мәлімет бойынша 65 адамнан өтініш түскен.

Биылғы жылғы наурыздың 29-да еріген қар суының салдарынан Қылшақты өзені арнасынан асып, Көкшетау қаласындағы бірқатар тұрғын үйлер мен аулаларды, әлеуметтік нысандарды су басып қалды. Осыған байланысты қала басшысы Бауыржан Ғайсаның шешімімен облыс орталығы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы №13 шешім қабылданды.

Көкшетау қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу үшін өтініштер Шалқар 9А мекенжайы бойынша орналасқан Көкшетау қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркеледі. Жедел қабылдау және азаматтардың кезекте тұрып қалмауы үшін бөлімде 5 терезе арқылы өтініштер қабылданады.

«Өтініштерді қабылдау биылғы жылдың 2 сәуірінде басталды. Бүгінгі таңда қала тұрғындарынан барлығы 65 өтініш түсті», - делінген қала әкімдігінің мәліметінде.

Бұған қоса, Көкшетау қаласы әкімдігі жанындағы материалдық нұқсанды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия құрылды. Өтініштер түскеннен күннен бастап, он күн мерзім ішінде қаралатын болады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда су тасқынына байланысты Төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар