Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен 8 отбасы баспаналы болды

Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккен 8 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілтін аймақ басшысы Марат Ахметжанов табыс етті.

Облыс басшысы бірлесіп атқарған жедел шаралар мен күш-жігердің арқасында су тасқынының салдарын барынша азайтуға қол жеткізілгенін атап өтті. 

Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Мемлекет басшысы «Ешкім назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің тиісті қамқорлығымен қамтамасыз етіледі» деп атап өткен болатын. Бүгін осы тапсырманы орындау аясында табиғи апаттан үйлері жарамсыз болып қалған және мүлкіне залал келген тұрғындарға пәтер кілттерін табыстауды жалғастырып жатырмыз», - деді Марат Ахметжанов.

Бұл жолы облыс орталығында тұратын сегіз отбасы баспаналы болды. Олар пәтерді өз қалауынша таңдап алған. Әкімнің айтуынша, осы күні су тасқынынан зардап шеккен Вернадский көшесіндегі ескі тұрғын үйлерді сыру жұмыстары басталған. Яғни, апатты жағдайдағы үйлердің орнына қазіргі заманғы көппәтерлі тұрғын үйлер тұрғызылмақшы. 

Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Бүгінгі қуаныш біздің отбасымыз үшін ғана емес, су тасқынынан зардап шеккендер барша ақмолалық үшін де маңызды. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында олардың да баспаналы болатынына сенім мол. Осындай қиын кезде қолдау білдіріп, қамқорлық көрсеткен ел Президентіне шынайы алғысымызды білдіреміз. Пәтеріміз жайлы, отбасымыздың алаңсыз өмір сүруіне барлық жағдай жасалған», - деп қуанышымен бөлісті қала тұрғыны Юлия Николаева.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Көкшетау қаласында үйлерін су басып, жарамсыз болып қалған 11 отбасына пәтер сатып алынды. Сонымен бірге, су тасқынынан зардап шеккен өзге азаматтарға да қолдау көрсетіліп, бүлінген мүлкін қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 1054 ақмолалық 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алды. Тұрғын үйлердің апаттылығы және одан әрі тұруға жарамдылығы бойынша материалдық залалды бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Ақмола облысы әкімдігі
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Өңірдің Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Жақсы, Зеренді және Целиноград аудандарында 74 отбасының үйлерін жөндеуге жұмсалған шығыны өтелді.

Еске салайық, Көкшетауда су тасқынынан зардап шеккендерден алғашқы отбасы баспаналы болған еді.

Соңғы жаңалықтар