Көкшетауда су тасқынының зардаптары жойылуда
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда су тасқынының зардаптарын жою шаралары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметі бойынша, Ақмола облысының ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар 1000 текше метр суды сорып, 80 тонна инертті материалдар мен құм салынған 150 қапты төседі.
«Соңғы мәліметтер бойынша, сағат 14:10-де 8 Наурыз көшесінің бойында орналасқан №1/1 су толық сыртқа ағызылды. Қазіргі кезде су тасқынының зардаптарын жоюға Ақмола облысының ТЖД мен ПД жеке құрамынан 45 адам және 18 арнайы техника жұмылдырылып, 4 тұрғын үй мен 14 ауладағы суды сору жұмыстары жүріп жатыр», дейді ведомстводан. 
Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай өткен түні Көкшетау қаласында Қылшақты өзені суының деңгейі көтеріліп, қауіпті аймақта орналасқан 600 тұрғын үйдің 5-уі мен 15 ауласын су басқан еді. Осының салдарынан 16 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
