Көкшетауда суға кете жаздаған баланы құтқарғандарға құрмет көрсетілді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласында өзеннің мұзы опырылып, суға кете жаздаған баланы құтқарғандарды қабылдап, сый-құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен салтантты шараға бейбіт күннің батырлары Темірлан Шәріпбаев пен Жомарт Мардушев және олар құтқарған 8 жасар Даниилмен бірге оның анасы Татьяна Владимировна да қатысты. Анасының айтуынша, баласы Көкшетаудағы №4 орта мектептің 3-ші сыныбында оқиды. Баласының суға батып кете жаздағанын тек үйіне жеткізген кезде ғана білген. Ал, Даниил өзі сияқты балалармен Қылшақты өзеннің жағасында ойнап жүрген еді. Ол мұздың үстіне қалай шығып кеткенін білмейді. Мұздың қалындығын тексермек болдым дейді өзі. Суға кете жаздаған баланың шырылдаған дауысын сол маңнан өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар естіп қалған. Соның бірі Көкшетаудағы азаматтық қорғаныс колледжінің оқушысы Темірлан Шәріпбаев жағада баланы құтқаруға әрекеттеніп жатқан адамдарды көріп, ойланбастан суға қойып кетіп, баланы алып шығуға тырысады. Мұз қалың, әрі су суық болғандықтан балаға жету оңай болмапты. Сол сәтте оған Жомарт Мардушев деген тағы бір жігіт көмекке келіп, екеулеп баланы шығарып алады.
«Мен көпірдің үстімен үйге бара жатып төменде адамдарды және айқайлап жатқан баланы байқап қалдым. Сонда жүгіріп бардым. Бала 8-9 жас шамасында, ол судың ағысымен әрі қарай кетіп бара жатты. Мен бірден көп ойланбастан мұзды жарып, оны құтқаруға ұмтылдым. Біреулер арқан лақтырып жатты, бірақ одан нәтиже болмады. Сол сәтте тағы бір ер адам көмекке келіп, екеуіміз бірлесіп баланы жағаға алып шықтық. Кейін бір апай мені колледждің жатақханасына дейін жеткізіп тастады. Онда мені комендант күтіп алып, жылы киім мен шәй берді», -дейді Темірлан.
Аймақ басшысы Даниил мен оны құтқарған Темірлан Шәріпбаев пен Жомарт Мардушевтен оқиғаның қалай болғанын өз ауыздарынан ести келе, оқыс оқиға кезінде ерлік танытқандарға алғысын айтып, бағалы сыйлықтар тарту етті. Сонымен қатар, балаға бұдан былай ата-анасының бақылауынсыз өзенге, көлдерге бармауына кеңесі берді.
«Бүгінгі күні қоғамда мұндай азаматтар кездесе бермейді. Олардың ерлікке пара-пар әрекеті мен жедел қимылының арқасында ғана жас бала аман қалды», - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментінің өкілдеріне баланы құтқарған азаматтарды ведомстволық марапатқа ұсыну қатеттігін атап өтті.