Көкшетауда тоқтап қалған тұрғын үй кешенінің құрылысы жанданды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Көкшетауда «Отау Құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясы үлескерлерге салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі жұмыстарды жандандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетауда тоқтап қалған тұрғын үй кешенінің құрылысы жанданды

Ведомствоның мәліметі бойынша, қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары жанданып, жеткізіп беруші мен мердігердің несиелік қарыздары қайтарылып жатыр, сондай-ақ, құрылыс материалдардың ақысы да өтелді.

Еске сала кетейік, көкшетаулықтар неке сарайына қарама-қарсы орналасқан Отау city  тұрғын үй кешені құрылысының тоқтап қалағаны туралы мәселені бірнеше көтерген еді. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысының созылуы және үлескер салған қаржының сақталуы толғандырды. Жақында тікелей эфир арқылы өткен «Әкім сағаты» бағдарламасында осы сауал аймақ басшысы Мәлік Мырзалинге қойылды.

Келесі күні аймақ басшысы «Отау Құрылыс» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысы туралы сұрап білді. Мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сағыздай созбай, келісімшарттағы міндеттемелерді қатаң сақтау қажеттігін айтты.

Өз кезегінде мердігерлер аймақ басшысына берген уәдесінде тұрып, құрылыс алаңындағы жұмыстарды 2018 жылдың 1-ші қарашасынан бастап жандандырды. Тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау 2019 жылдың соңына жоспарланып отыр.