Көкшетауда тұрғын үй құрылысы жанданып келді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда тұрғын үй құрылысы жанданып келеді. Биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 33,3 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Амангелді Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Брифингте қала басшысы 2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алға қойылған міндеттерге тоқталды. Қала басшысының сөзінше, есепті кезеңде 153,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 29,803 шаршы метр 21 жеке тұрғын үй. Жыл соңына дейін тағы 57,6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
«Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы ауданы 32 051,8 шаршы метр болатын 17 көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 6 тұрғын үй халықтың әлеуметтiк жағынан осал тортарына арналған. Биылғы жылы 8 несиелік және 6 жалдамалы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүрігізілуде. Жалпы, биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 33,3 миллиард теңгені құрады», - деді қала басшысы.
Брифингте айтылғандай, «Ақмола жастары» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй кезегіне тұрғандарға арналған Көктем шағынауданында бес қабатты тұрғын үй салынуда. Сонымен бірге, медицина қызметкерлері арналған бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы қызу қолға алынды.